Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында 2019 жылы қайтыс болған 6 жасар Лиза Пылаеваның өліміне қатысты сот отырысы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Прокурор ең алдымен айыптау актін оқыды. Сөзінше, марқұмның ата-анасы арасындағы ажырасу процесі 2014 жылы басталған, содан кейін Лизаның анасы Александр Пылаев қыздың биологиялық әкесі емес екенін айтқан. Кейіннен бұрынғы ерлі-зайыпты бітімгерлік келісімге келген. Нәтижесінде Лиза әкесімен бірге тұрған. Ал анасы оны демалыс және мереке күндері алып кетіп жүрген. 2019 жыл жылдың мамыр айында да осылай болған. Прокурордың айтуынша, сол уақытта Лизаны анасы алып кеткен, бірақ өзі демалуға Алматы облысына кетіп қалған. Сол кезде қызды нағашы әпкесі Ольга Шмакова мен оның күйеуі қарап қалған. Шмакованың күйеуі кішкентай Лизамен уақыт өткізген. Мұны байқаған күдікті Ольга Шмакова ашуланып, қызғанған. Ол күйеуі қыздың әкесі болуы мүмкін деп күдіктенген. Сосын күдікті балаларын алып, сауда орталығына көлікпен бармақ болған. "Осы кезде кішкентай Лиза Пылаева үйден аулаға шығып тұрған. Ольга Шмакова өзінің отбасындағы жағдайға ашуланып, кішкентай қызға қастандық ойлаған. Қылмысты жасау үшін көлікті қару ретінде пайдаланып, кәмелетке толмаған Елизавета Пылаеваны қағып кеткен", – деп оқыды айыптау актісін прокурор. Қыз құлап, есінен танған. Әпкесі қылмыстық ниетін ақырына дейін жеткізгісі келіп, қызға көмектеспей, оны сол жерге тастап кеткен. "Сол кезде Алматы облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің бастығы қызметін атқарған Шмаков (Ольга Шмакованың күйеуі) қыздың үстіне мүсін құлаған деп тану үшін ауруханаға хабарласып, көмек сұраған. Ер адам аула тазалаушы Уктаб Махмудовқа қыздың денесін жуып, киімін ауыстыруды бұйырған, ал ол айтқанын істеген", – деді мемлекеттік айыптаушы. Ольга Шмакова өзінің қылмысқа қатысы жоқ болуы үшін балаларымен көлікке отырып, сауда орталығына кетіп қалған. Ал Лизаның әжесі Леонарда Рыжакова бұл бастаманы қолдап, кейін жалған куәлік берген. Прокурордың айтуынша, Рыжакова шындықты анықтауға әдейі кедергі келтірген. Артынша қыз көп жарақатпен қаза тапқан күйі ауруханаға жеткізілген. Прокурор оның бірден өлмегенін айтып отыр. Ол медицина көмегі көрсетілсе, қызды аман алып қалуға болатын еді деді. Айтпақшы, Ольга Шмаковаға алқабилер сотын өткізу ұсынылды, бірақ ол бас тартты. Ольга Шмакова ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы ("Адам өлтіру") бойынша айыпталып отыр. Леонарда Рыжаковаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабының 2-бөлігі ("Көрінеу жалған айғақ беру, сарапшының, маманның қорытындысы немесе дұрыс аудармау") бойынша іс қозғалды. Ал Ухтаб Махмудовға ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы және 420-бабының 2-бөлігі ("Қылмысты жасыру") бойынша айып тағылды. Бұған дейін сот қыздың әкесі Александр Пылаевтың күдікті Леонарда Рыжакованың адвокатын іске қатыстырмау туралы өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын кейінге шегерген. Айта кетейік, айыпталушылар қамауда емес және бүгінгі сот отырысына өз бетімен келді. Ал соттың өзі ашық өтіп жатыр.