Қымыздың дәмін сезіну үшін оны бірнеше рет және ыстық күнде ішіп көру керек. Салқын сусын тек сергітіп қана қоймай, сонымен қатар ширатып алады. Tengri Life бірнеше тостаған қымыздан кейін көлікпен жүруге бола ма, анықтап көрді.Дәстүрлі қымыздың негізгі ингредиенті – бие сүті. Әртүрлі әдіспен ашытылғаннан кейін (әр аймақта ерекшеленеді) көптеген қазақстандық жақсы көретін сусынға айналады. Нағыз қымыз пайдалы заттарға бай - бұл белоктар (2-2,5 пайыз), майлар (1-2 пайыз), витаминдер (В1 және В2, С, биотин, пантотен және фолий қышқылдары), сүт қышқылы (0,6 -1,2 пайыз), кальций, фосфор және т.б. Қымыздың құрамындағы микроэлементтер шөлді басуға және асқазан-ішек жолдарының бұзылған микрофлорасын қалпына келтіруге қабілетті.Айта кететін жайт, қымызды алкогольдік сусынға жатқызуға болады, өйткені әртүрлі жағдайда спирт мөлшері 4 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мұның бәрі оның қанша уақыт сақталғанына, тіпті жылқының жемі мен тұқымына да байланысты.Ашытылған сүт сусыны алкотест құрылғысына әсер ете ме және оны ішкеннен кейін көлік жүргізуге бола ма? Бұл сауалдарға Алматының Психикалық денсаулық орталығы мамандары жауап берді."Қымыздың құрамындағы алкоголь мөлшері әдетте ішімдіктегідей жоғары болмаса да, ол алкотест нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Бұл әсіресе қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде қымыз ішкен жағдайда болады. Егер көлік жүргізетін болсаңыз немесе байсалды болуды қажет ететін жұмыстарды орындайтын болсаңыз, жалпы алкогольдік сусындарды, соның ішінде қымызды да ішуден бас тартқан жөн. Жолда өзіңіздің және басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ережелерді сақтау маңызды", - деді Психикалық денсаулық орталығының баспасөз қызметі өкілдері.