Қытай тұрғындарының саны 2023 жылы екі миллион адамға қысқарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылы Қытай тұрғындарының саны 1 миллиард 409 миллион адам болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,08 миллионға аз. Мәліметте халық саны екінші жыл қатарынан азайып келе жатқаны айтылған. Былтыр өлім-жітімнің жалпы саны 6,6% өсіп, 11,1 миллионға дейін жетті. Бұл көрсеткіш 1974 жылдан бері ең жоғары деңгейге жетті. Осылайша, 2022 жылы Қытайдағы халық саны 1960 жылы елде болған құрғақшылық пен аштықтан кейін алғаш рет қысқарған. 2023 жылы Қытайда 9,56 миллион бала дүниеге келіп, 11,1 миллион адам көз жұмған. Елде бала туу көрсеткіші 1949 жылы халық санағы жүргізілгеннен бері (бір мың адамға шаққанда 6,39) ең төмен деңгейге түскен. 2022 жылы Қытайда туу көрсеткіші бір мың адамға шаққанда 6,77%-ға дейін түсті. Алайда сарапшылар қала халқының өсіп келе жатқанын және туу көрсеткішінің рекордты төмен екенін ескеріп, халық санының төмендеуін заңдылық деп есептейді. Таяуда Қытай билігі елдің туу көрсеткіші Шығыс Азияның басқа дамыған елдері Жапония мен Оңтүстік Кореямен салыстырғанда 1000 адамға шаққанда 6,39-%ға дейін төмендегенін мәлімдеді. Бұл елде 1980 жылдардағы халықтың шамадан тыс көбеюімен күрес аясында бір бала саясаты енгізілген еді. Содан бастап Қытайда бала туу деңгейінің төмендеуі ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. 2015 жылы туу деңгейінің төмендеуі Қытай билігінің басты мәселесіне айналды. Үкімет бұл саясатты өзгертіп, қытайлықтарды отбасы құруға ынталандыру үшін түрлі субсидия қосып, шаралар қабылдаған. 2021 жылы қытайлық отбасыларға үш балаға дейін бала көтеруге рұқсат берілді.