Қытайда микоплазмалық пневмония инфекциясы сияқты респираторлық аурулар таралып жатыр.Қытайлық ақпарат құралдарының хабарлауынша, көптеген аурухана науқасқа толы және олардың көпшілігі – кішкентай балалар. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан дәрігерге көрініп, дәрі-дәрмек алу үшін кезек күтіп отырған ата-аналар мен балаларды көруге болады. Соңғы екі айдағы есеп бойынша, Қытайдың оңтүстігіндегі Чжэцзян провинциясында микоплазмалық пневмония инфекциясын жұқтырған балалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8 есе өскен. Ал Қытай астанасы Бейжіңде бір аурухана күніне 7 мыңнан астам науқасты қабылдаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайға респираторлық аурулар мен балалардағы пневмонияның өршуі туралы толық ақпарат алу үшін ресми сұрау жіберді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай билігі респираторлық аурулардың көбеюін COVID-19 шектеулерінің жойылуымен және белгілі патогендердің айналымымен байланыстырады деп мәлімдеді.