Бүгін Бейжіңде Қытайдағы Қазақстандық туризм жылының ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, 28-29 наурыз күндері ашылу салтанаты аясында Бейжіңде Қазақстан мен Қытай өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Іс-шараның бірінші күні Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі. Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз, - деді министр. Сондай-ақ ол Қазақстан – кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті. Еліміздің туристік әлеуеті зор. Біздің мақсатымыз – сол байлықты барлығына қолжетімді ету, - деп толықтырды Ермек Маржықпаев. Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты. Құттықтау сөзімен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен таныстырды. Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі екеніне сенімдіміз. Ол визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегиялық серіктесі. Біз туристердің назарына эко-, этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын «Еco-Ethnic-Entertainment-Events» концепциясын ұсынамыз, - деді Қайрат Сәдуақасов. Қазақстандағы әр бағыттың әлеуеті туралы айта келе, Қ.Сәдуақасов форумға қатысушыларды биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды. 2024 жылға олардың 35-тен астамы жоспарланған. Туризм және инвестициялық форум екі панельдік сессиядан тұрды: • «Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері» • «Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер». Форумға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен «Атамекен» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков модераторлық етті. Кездесуде қытайлық саяхатшылар үшін ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері мен Қазақстан-Қытайдың инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алды. Форум соңында қазақстандық және қытайлық тараптар арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.