Түркістан облысында егістік алқапқа Грейг қызғалдағы шықты. Айнала қызыл кілемге көмкерілген. Грейг – қызғалдақтың ең әдемі және табиғатта ең аз кездесетін түрі, оны қызғалдақтың падишасы дейді. Өзінің әсемдігімен ғана емес, емдік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Сондықтан ол ерекше қорғауға алынған. Оны жұлғандар 10 млн теңге айыппұл төлейді. Көздің жауын алар көріністі тамашалау үшін қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерге арнайы келеді. Жылына небәрі 15 күн гүлдейтін қызғалдақ бұл маңда бұрын соңғы бұлай қаптап шықпаған.Несібелі, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен айта алмаймын мынаның сұлулығын, кереметтігін, иісін айта алмаймын. Бұл енді біреудің жекеменшік жері шығар, мен мына әкімнен өтініп сұраймын, құдай үшін мына жерді қазбасын, аудармасын. Ештеңе екпесінші. Мына табиғатты сақтап қалайық. Өйткені онсызда көп жердің бәрін құртып алдық біз. Бөржар ауылдық округі әкімінің айтуынша, бұл – жеке кәсіпкердің бидай мен мақсарыны жыл аралатып, кезектестіріп егіп жүрген жері. Бұрындары бір гектардай жерде 20-25 процент ғана, оның өзінде егістік арасында қызғалдақтар қылтиып көрінетін дейді. Ал биылғы құбылыс тым ерекше. Соңғы екі жылда ештеңе егілмей, тынығып жатқан жер қып-қызыл. Қызыл кітапқа енген өсімдік жылда жер аударудың нәтижесінде аумағы жайылған болар деп топшылайды.