Қызылжарда балабақшадағы медицина қызметкерінен туберкулездің ашық формасы анықталды. Медбике балалармен тікелей байланыста болған. Сэс мамандары оқиға орнында бірден дезинфекция жасаған, ал балалар ол кезде ұйықтап жатыпты. Ата-аналар енді дабыл қағуда. Балдәурен балабақшасының қызметкерінен туберкулездің анықталғаны жөнінде қазанның төрті күні белгілі болған. Мұны естіген эпидемиолог тазалау жұмыстарын жүргізген. Олар дезинфекцияны балалар ұйықтап жатқан кезде жасаған. Ата-аналар бұл жөнінде түстен кейін бір-ақ білген. Асхат МАҚСҰТҰЛЫ, АТА-АНА: Кеше сағат төртте жазып жіберіпті балаларды әкету керек деген. Бірақ балам алтыда бір-ақ кетті. Бұлар ешқандай предупреждение берген жоқ. Аяқ астынан қойды. Енді осындай открытый болғаннан кейін жабу керек қой садикті, жоқ бұл откровенно жұмыс істеп жатыр. Анель МӘУЛІТОВА, АТА-АНА: Келсем көзі қызарып тұр. Көзім қышиды деп шағымданды балам. Содан үйге барғаннан кейін жөтел пайда болды. Врачтарға көрсеттік, тамағы қызыл емес. Просто аллергический кашель болды. Медицина қызметкері бүлдіршіндерді күнде тексеріп, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Туберкулездің ашық түрі туралы естіген ата-аналар енді балаларының денсаулығына алаңдап отыр. Әсел ӘБУТӘЛІПОВА, АТА-АНА: Бізге туберкулез туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Балалардың тең жартысы қазір балабақшада. Ал біз енді біліп отырмыз. Балабақша басшылығы әдейі шу көтергісі келмеді. Енді балаларымыз ауырып қалмаса екен, деп жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Аты дауға қалған медбике бұл мекемеде 1.5 жылдан бері жұмыс істеп келген. Балабақша басшылығы оның бұған дейін емханадағы сан тексерістерден сүрінбей өткені туралы айтты. Ал бұл жолы туберкулез жоспарлы тексеріс кезінде анықталған. Мадина ДАРБАЕВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ: Медбике бірден жұмыстан босатылды. Дезинфекция жұмыстарын бастапқыда демалыс күндері өткіземіз деп жоспарладық. Алайда, эпидемиологтар бұл жұмысты дереу жүргізу керек деп, кеше күндіз келіп істеді. Балалар ол кезде жатын бөлмесінде ұйықтап жатты. СЭС мамандары дезинфекция жүргізуге неге сонша асыққанын түсіндіре алмады. Ата-аналармен тікелей жүздесуге келген эпидемиологтар ауаға таралған заттар онша улы емес, деп ақталды. Жұлдызбек ЖАМАНТАЕВ, ДЕЗИНФЕКЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз бассейнді, дәлізді, әжетхана мен ойын бөлмелерін тазаладық. Балалар басқа бөлмеде жатты. Химикалық заттың төрт түрі болады. Біз соның ең төменгі дозасын қолдандық. Дезинфекция неге кешке жүргізілмеді деген сұраққа жауап бере алмаймыз. Бізге тапсырма келіп түсті, біз соны орындадық. 340 бүлдіршінге лайықталған балабақша әлі карантинге жабылған жоқ. Бүгін балалардың жартысы ғана келген. Дүйсенбіден бастап медицина қызметкерлері балақайларға екпе жасайды.