"AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанаты өкілдері Ішкі істер министрлігімен бірлесіп "Құқықтық тәртіп" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Еліміздің бірқатар өңірінде тәртіп сақшылары мен еріктілер рейдтікке шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Елордада «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына қатысты. «Қауіпсіз қоғам» акциясы шеңберінде қала тұрғындарына ақпараттық парақшалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Арсланбек МАҒЗҰМ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біздің басты мақсатымыз құқық бұзған азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бұған дейін де "Жастар Рухы" жастар қанаты бірнеше рет әлеуметтік мәселелерді көтерді. Бірқатар тексерістер жүргізді. Мұндай істер жалғасын табады. Бір ғана Алматы ауданының учаскелік полиция бөлімшесіне отбасындағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша тәулігіне шамамен 10-ға жуық қоңырау түседі. Тәртіп сақшылары агрессорды есепке қойып, 30 күн бойы тексеріп тұрады. Себебі, отбасындағы жанжалдың қайталанбауы маңызды. Арсен СЕРЛІКБАЕВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерістер жүргіздік. Агрессорларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылыққа бармас үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, зардап шеккен азаматтың да жай күйін тексеріп, арыз-шағымы бар жоғын сұрап, сауалнама жүргізіп жатырмыз. Қостанайда да белсенді жастар полицейлермен бірлесіп отбасылық тұрмыстық түйткіл, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализмге қарсы рейдтік шараларға атсалысып жатыр. Іс-шаралар желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Еріктілер тұрмыстық зомбылыққа душар болған жандармен тығыз байланыс орнатып, көмек қолын созады. Аружан СӘРСЕНБАЕВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Осы ақпараттық парақшаларда зорлық-зомбылыққа душар болған адамдардың қандай нөмірге хабарласа алатындығы белгіленген. Егерде хабарласса кейін әлгі абюзерге қатысты қандай іс-шаралар қолданатындығы, сонымен қатар Қостанай облысында бізде кризисный орталық бар екені туралы түсіндіреді. Қызылжарда жыл басынан бері 2500-ға жуық ата-ана балалары үшін жауапқа тартылған. "Қауіпсіз қоғам" акциясы аясында белсенді топ қарашаның 20-нан бастап түнгі уақытта клубтар мен компьютер орталықтарын тексеріп жүр. Сағат кешкі оннан кейін дала кезіп жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына айыппұл салынды. Ал 68 адам ата-ана құқығынан айырылған. Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «АМANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ СҚОФ ТӨРАҒАСЫ: Біз түнгі клубтардан бөлек әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды да тексеріп жүрміз. Сондай-ақ, төтенше жағдай мамандарымен бірлесіп, Қауіпсіз қала акциясын қолға алдық. Оның аясында балалар алаңындағы ақауларды тауып, кәріз құдықтарының жабық болуын бақылап жүрміз. Бұл бүкіл республика бойынша орындалып жатқан бастама. Акция жыл соңына дейін жалғасады. Еріктілер мұндай шараларды жиі өткізген абзал дейді. Өйткені қоғамның қауіпсіздігі кімге болса да маңызды.