Қызылжарда мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған шараға 500ден астам адам қатысты. Шеру, флэшмоб және автошеру ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орталық алаңда үлкен концерт болды.Мемлекеттік рәміздер күніне қала тұрғындары айрықша дайындалған. Кеңейтілген іс шара спортшылар мен шаһар жұртының акциясынан басталды. Көк туды көтерген қос топ жаяу жүргіншілерге арналған әлемдегі ең ұзын көшемен жүгіріп өтті. Ирина ЭКТОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА БОЙЫНША АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ: Мұндай шаралар балаларды патриоттық сезімге баулиды. Спортшылардың өмірінде мемлекеттік рәміздердің орны ерекше. Себебі, біздің басты мақсатымыз - әлемдік додаларда жеңіске жетіп, көк байрағымыз желбірету және әнұранымызды шырқау болып саналады. Ізінше спорттық акция патриоттық форумға ұласты. Мерекелік концерт барысында елдің дамуына үлесін қосып жүрген білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының маңдайалды мамандары марапатталды. Қалия ТҮРЕНОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік рәміздер -тәуелсіздіктің белгісі. Әнұран мен ту халықтың патриоттық сезімін оятып, бірлікке шақырады. Бүгін осы орайда біз мерекелік концерттен бөлек вело, авто және мотошеру ұйымдастырдық. Патриоттық форум автошерумен аяқталды. Мемлекеттік рәміздермен көмкеріліп, безендірілген 24 көлік қала көшелері мен жақын маңайдағы ауылдарды аралды.