Қызылжарда мемлекеттік тілді оқыту курстарына сұраныс артқан. Биылдың өзінде өңірде 140 топ ашылып, бірнеше мың адам қазақ тілін меңгеруге ниет білдірген. Оның басым бөлігі қала тұрғындары, дейді тілдер орталығының өкілдері.Қала тұрғыны Виталий Лукашов мемлекеттік тілді білу әр азаматтың парызы деп санайды. Ол тілдер орталығы жөнінде жақындарынан естіп, жарымен бірге қазақ тілін меңгеруге бел буған. Виталий ЛУКАШОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз мектепте 11 жыл бойы грамматиканы жаттап келдік. Ал мұнда грамматикадан бөлек, ауыз екі тілге көп басымдық беріліп отыр. Негізгі 300-400 сөзді жаттап алсақ, қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға болады. Екі жарым айда оқырмандар қазақ тілінің а1 деңгейін, яғни ең қарапайым түрін меңгеріп алады. Биыл мұнда келушілердің саны былтырмен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Тілдерді оқыту орталығының өкілдері мұны соңғы кезде орын алған геосаяси жағдаймен байланыстырып отыр. Орал ЖАНАТОВ, СҚО ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ресейден көшіп келген азаматтар көп. Солардың барлығы келіп жатыр. Солардың мақсаты Қазақстанға орналасу, қызмет орнын табу. Қазақстанда тұрғандықтан қазақ тілі бізге керек деп өз ниеттерімен келіп жатыр. Олар өздері ғана оқып жатқан жоқ. Біздің берген материалдарымызды сол сабақтармен өзінің балаларын да оқытып жатыр. Жалпы аймақта мемлекеттік тілді оқыту курстары жеті жыл бұрын ашылған. Осы уақытқа дейін 20 мыңға жуық азамат қазақ тілін меңгерген.