Қызылжарда перзентханада жатқан аналар да саяси науқаннан қалыс қалмай таң сәріден бастап дауыс беріп жатыр. Қазір облыстық перинаталдық орталықта 73 әйел бар. Бұл мекемедегі сайлау учаскесі де таңғы сағат жетіде ашылды. Қазір тілшііміз Абзал Құрманкин сол жерден бізбен тікелей байланысқа шығады.Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Аналарда ұйқы жоқ. Сайлау учаскесі ашылғаннан бастап олар дауыс беруге кірісті. Солардың бірі Бағлан Әбдікәрімова. Көпбалалы ана бесінші баласын кесар тілігі арқылы өмірге әкелген. Екі күн ғана бұрын операция жасалса да, бүгін ол өз таңдауын жасады. Мұндай тарихи күннен қалыс қалуға болмайды дейді. Бағлан ӘБДІКӘРІМОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА: Сайлау болған сайын дауыс беремін. Сайлаудан ешқашан қалған емеспін. Себебі елдің болашағы мен үшін маңызды. Мен қыз бала босандым. Таңшолпан деп қойдым есімін. Ол да ертең елдің болашағын ойлайтын, жұлдызы жарқыраған азаматша болып өссін деген мақсатпен қойдым. Сайлау қарсаңында перзентханада 11 бала дүниеге келді. Жаңа босанған кейбір әйелдердің сайлау учаскесіне баруға мұршасы жоқ. Сондықтан оларға бөлек жағдай қаралған. Зоя СТРЕЛЯЕВА, №625 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің сайлау учаскесінде 1256 адам тіркелген. Бұған тек перзентханадағы әйелдер ғана емес, жақын маңайдағы тұрғындар да кіреді. Үйінен шыға алмайтын не болмаса ауруханада төсектен тұра алмайтын азаматтардан сағат 12-ге дейін өтініштер қабылданады. Артынша мобильді жәшік іске қосылып, біз аталған сайлаушыларды аралауға кірісеміз. Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Жалпы Қызылжар өңірінде 631 сайлау учаскесі бар. Облыс бойынша 384 мың адам дауыс беруге құқылы. Аймақта 566 кандидат тіркелген. Оның ішінде 10 адам мәжіліс депутаттығына үміткер.