Қызылжарда «Sensitive» би ансамблі Испанияда өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жатыр. Есту қабілетінде ақауы бар балалар халықаралық турнирде кәсіби бишілермен сынға түспек.Есту қабілеті нашар балаларға арналған мектептің түлегі Айнұр Саинова биге 13 жыл бұрын ден қойған. Алдымен ол халық билерін меңгерген. Кейін «Sensitive» би ансамблінің құрамына еніп, сәнді биге бет бұрған. Күндіз-түні жасаған жаттығудың арқасында қазір кәсіби бишілер қатарында өнер көрсетіп жүр. Айнұр САИНОВА, «SENSITIVE» БИ АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ: Біз музыканы естімейміз. Топ жетекшісі бізге сандарды көрсетіп отырады. Сонымен қатар колонкадан шығатын басты еден арқылы сеземіз. Әр қадамымызды соған сәйкес жасаймыз. Ритмге ілесу оңай емес. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттың хореографы Ольга Ростовщикова "Сенситивті" 2013 жылы ашқан. Қазір құрамында 44 бала бар. Оның дені- мектеп оқушылары мен түлектері. Шығармашылық топ құрылғаннан бері 40 сайыста жеңімпаз атанған. Бұдан бөлек, 9 мәрте халықаралық жарыста гран-при ұтқан. Ольга РОСТОВЩИКОВА, «SENSITIVE» БИ АНСАМБЛІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Сахна төрінде біздің бишілердің мүмкіндігі шектеулі деп айта алмайсың. Бұл- ұзақ жаттығудың нәтижесі. Бір биді біз жүз рет қайталаймыз. Оны әбден меңгеруге 2 ай уақыт кетеді. Кейін халықаралық турнирде жеңімпаз атанған кезде соның жемісін көреміз. Қоржыны түрлі кубок пен медальға толса да, "Сенситив" мұнымен тоқтамақ емес. Би ансамблі жазда Испанияның Барселона қаласында өтетін ауқымды турнирге дайындалып жатыр. А. Құрманкин