Қызылжарда тұрғын үй өртеніп, жиырма жастағы әйел мен екі бала көз жұмды. Балалардың кішісі 1 жарым жаста болған. Оларды әкесі құтқаруға тырысқанымен, аман алып қала алмады. Юрий Сухарев үйдің жанып жатқанын алғашқылардың бірі болып көрген. Ол дереу өрт сөндірушілерді шақырып, өзі көршілерін құтқаруға ұмтылыпты. Алайда, қызыл жалын өршігендіктен, ішке кіру мүмкін болмады дейді. Юрий СУХАРЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен үйдің маңайына келгенде терезеден отағасы шығып, жерге құлады. Үйде кім бар деп сұрап едім, “екі бала мен келіншегім бар” деді. Ылғи сәлемі түзу, жақсы отбасы еді. Бұл үйде 5 адам тұрып жатты: отағасының анасы, 5 жасар інісі, әйелі мен 1.5 жасар қызы. Жігіттің анасы сол күні жұмыста болған. Ал өрт шыққан кезде оны әйелі оятып, әр қарай сәбиін құтқаруға жүгіріп кеткен. Ал отағасы терезені сындырып, жанұясын шығарып алмақшы болады. Алайда, улы газға тұншыққандықтан, әрекет етуге мұрша болмаған көрінеді. Салдарынан 20 жасар әйел мен қос сәби мерт болды. СхНазымбек ЕЛЕМЕСОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 3 автоцистерна мен 15 адам шықты. Өрт орнына жету уақыты 5 минутты құрады. Сағат 21.40та өрт орнына келген кезде үйдің шығыс бөлмесі, верандасы түгелімен өртпен оқшаулы болды. Алдыңғы болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып табылады деп ойлап тұрмыз. Жергілікті билік өкілдері марқұм жандардың туған туысқандарына толық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне, одан бөлек алғашқы қажеттіліктерге, азық-түлік, киім-кешекке және туыстарына уақытша баспанаға арнайы қаржы бөлінетін болады. Жалпы жыл басынан бері аймақта 450-ге жуық өрт тіркеліп, 23 адам қаза болды. Бұдан бөлек, 27 адам улы газдан зардап шекті.