Қызылжарда тұрғындар апатты деп танылған мектептің бұзылуына қарсы. Әбден тозған білім ордасының орнына жергілікті билік жаңа ғимарат салуды көздеп отыр. Алайда, оқушылардың ата-аналары бұл нысанның әлі талай жылдар қызмет ететініне сенеді. Тараптардың пікірін аймақтағы тілшіміз тыңдады.Оксана Гончаренконың мұнда екі баласы оқиды. Қос оқушының анасы мұғалімдердің біліктілігіне сенімді. Себебі, кіші қызының тілі шықпай, осы мектептің арқасында ол сөйлей бастапты. Енді мектепті бұзады деген хабарды естігелі есеңгіреп жүр. Оксана ГОНЧАРЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен бұл жерде асфальтты өз ақшама төседім. Екі миллион теңге кетті. Біз бұл мектепте жөндеу жұмыстарын істеуге дайынбыз. Бірақ ертең оны бұзып тастамауына кім кепіл? Мектепте қазір 52 бала білім алып жатыр. Ғимарат 60 жыл бұрын бой көтерген. Бірақ біраз жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ирина МЕРХАЗЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жаңа мектеп жайлы мүлдем сөз айтылмады. Оны қашан салады? Бізді басқа мектепте орналастырмақ. Бірақ жақын маңайдағы білім мекемелерінің бәрі толық. Мектепке сараптама жасаған мамандар оны апатты деп таныған. Оны қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан билік өкілдері бірден жаңасын салған дұрыс деп есептейді. Андрей ТОКАРЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Техникалық қорытындыға сәйкес мектеп апатты деп танылған. Қазір 120 балаға шақталған жаңа мектепті салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ішінде 50 бүлдіршінге арналған шағын орталық болады. Бұл жоба 2023-2029 жылдарды қамтитын жол картасына енгізілген. Мектеп құрылысының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз. Ал ескі ғимаратты қимай отырған ата-аналар жаңа нысан салғанша, осыны жөндеп беруді сұрап отыр.https://youtu.be/rRQ3ecLZJYE