Қызылжарда ұшқышсыз ұшу апараттарының өндірісі қолға алынбақ. Петропавл ауыр машина жасау зауыты қытайлық серіктестермен бірлесіп, аталған қондырғылардың бірнеше данасын жасап көрді. Нәтижесі таңқаларлық дейді олар. 4 прототип ұсынылды. Алғашқы екеуі қарапайым дронға ұқсаса, қалған екеуі ұшақтың кішкентай нұсқасына келеді. Ең ірі аппарат ауада 5 сағат бойы ұшуға қауқарлы. Жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асады. Ал астында арнайы бекітілген камера суретті 60 есе үлкейте алады. Аталған зауыт аппарат бөлшектерінің 30 пайызын өзі жасап шығарған. Болашақта бұл көрсеткішті тең жартысына дейін жеткізу жоспарда бар. Тимур НҮКЕРЕЙ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мұндай аппараттардың Орталық Азияда теңдесі жоқ. Біз оның 27 түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір мамандарымызды Қытайға оқуға жіберейін деп жатырмыз. Артынша шетелден қондырғылар жеткізіліп, өндіріс қолға алынады.