Қызылорда облысы Қазалы ауданы табиғи газдан ажыратылды. Тұрғындар газ баллондарын іздеп, табанынан тозып жүр. Ал бекеттерде сағаттап кезекте тұрды. Мұндай жағдай ауданда көгілдір отын берілген 8 жылда алғаш рет орын алып отыр дейді халық. Күләш ҚҰРМАНИЯЗ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ: Халық қалай күнелтеді, жұмыстарын, банкілерін қалай басады? Тамақты қалай істейді? 80 мың халық бар. 15 қыркүйекке дейін газ болмайды деп жатыр. Ол тым ұзақ емес па? «КазТрансГаз Аймақ» Акционерлік Қоғамы Қызылорда өндірістік филиалы табиғи газ 7 қыркүйекке дейін болмайды дейді. Бұл туралы тұрғындарға алдын ала ескерткендерін айтады. Магистралды газ құбырында жөндеу-профилактикалық жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал аудан әкімдігі қазір бекеттерде кезектің жоқ екенін айтады. Газ қоры жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Жалғас СҮЙЕУБАЕВ, ҚАЗАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сұйытылған газға байланысты ешқандай кедергі болмайды. Біздің аудан бойынша 6 мекеме жұмыс жасайды. Барлығы 19 жерде газ тарату нүктесі орналасқан. Яғни айтқанда жалпы сиымдылығы 159 тонна. Таңертеңгі мәлімет бойынша 54 тонна сұйық отын қорымызда бар.