Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы 3 апатты мектептің мәселесі биылдан қалмай шешімін таппақ. Бұл туралы жұмыс сапарымен барған Премьер Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты. Аудандағы бірнеше ауылда болып білім ошақтарының жай-күйімен танысқан ол, құрылысты жеделдетуге атсалысатынын жеткізді.Шиелідегі Жансейіт және Байсын ауылы мен аудан орталығындағы 45 орта мектеп оқушылары бірнеше жылдан бері апатты ғимаратта білім алуда. Оның ең көнесі 60 жыл бұрын салынған. Ішінде арнаулы кабинеттерді былай қойғанда спорт зал, акт зал, асхана атымен жоқ. Алтай КӨЛГІНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Білім нысаны ең алғашқы өзекті мәселе ғой. Апатты жағдайдағы мектептерді өзіміз көруге келдік. Жаңа мектеп салу жоспар бар. Жобалық құжаттардың барлығын әкімдік дайындаған екен. Біз республикалық бюджеттен көмектесудеміз, жоспарға қосамыз Байсын ауылында 250 орындық мектептің құрылысы басталғанда тұрғындар бөркін аспанға атты. Бүгінде жұмыстың 60 проценті біткен. Алайда, қаржы жетіспеушілігіне байланысты, жұмыстың тұралап қалуы мүмкін. Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл сапар біздің облысымыз үшін білім саласы үшін өте тиімді болды. 3 мектеп, оның ішіндегі екеуі апатты жағдайдағы және біреуі бейімделген ғимарат. Оның үшеуі де қор арқылы шешілетін болды. Қызылорда қаласында 3 аусымды мектептер бар. Оны да жайлы мектептер арқылы толық шешілетін болады. Сапар барысында денсаулық сақтау саласындағы проблемалар да назардан тыс қалмады. Облыс бойынша 125 дәрігер тапшы. Ал аудандарда заманауи құрылғылардың жетіспеушілігі қызмет сапасына сын келтіруде. Бұл мәселенің барлығы ұлттық жоба аясында жолға қойылмақ.