Қызылорда облысында биыл жазғы кезеңде 9 мыңға жуық бала лагерьмен қамтылады. Бұл бағытта барлығы 10 лагерь қызмет жасайды.Облыста оқушыларды қабылдайтын барлығы 10 лагерь балаларға қызмет көрсетеді. Олардың арасында 7-уі мемлекеттік болса, қалған 3-уі жеке лагерь. Лагерьлер 2- маусымнан бастап жас өрендерге салтанатты түрде есігін айқара ашты. Ендігі кезекте 7 ауысым бойынша 8890 бала тынығуына мүмкіндігі бар. Оған қоса мектептердің барлығында күндізгі тынығу лагері іске қосылады. Нәтижесінде барлығы 98 мыңға жуық жазғы тынығу орындарымен қамтылады. Алғашқы кезекте тынығу орындарына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы тқмен отбасылардан шыққан балалар барады. Сондай-ақ, жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен 1326 бала облыстан тыс жердегі демалыс орындарына бармақ. Оған «Қазгермұнай», «Қазатомпром», «РЗА», «СКЗ-U», «Гежуба цемент заводы», «Қызылкұм», «Таң ЛТД», «Тілеп» ЖШС-тері қолдау көрсетті.Айта кетсек, биылғы жаз мезгілінде «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан ұйымдастырылып отыр. Нәтижесінде ауылдың дарынды балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілетін жетілдіру және қолдау көрсетіледі. Бұл бойынша облысқа 600 орынға квота бөлінген. Сол арқылы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагерінде 320, Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 280 оқушының демалуына мүмкіндігі бар. Қызылордалық жас өрендер жаз мезгілінде Сыр өңірінің тарихи орындарымен таныса алады. Оған қоса Астана, Байқоңыр ғарыш айлағы, Шымкент (Ақмешіт үңгірі, Қазығұрт, Домалақ Ана) Тараз (Айша бибі, Қарахан кесенесі) Сауран, Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлеріне (Отырар, Арыстанбаб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи, Гаухар ана кесенесі), Қорқыт ата ескерткіш, экскурсиялар мен арнайы турлар ұйымдастырылады. Жазғы демалыста баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда тиісті мекемелер де қарап қалмайды. Түрлі танымдық және спорттық шаралардан бөлек, үйірмелер жыл бойы жұмыс істейді. Маусым айында аймақ басшысының қолдауымен облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар айтысы өткізіледі. Жалпы облыс мәдениет үйлері мен клубтарында 583 бала мен жасөспірімдерге арналған үйірме жұмыс жасайды, оған 7093 бала қамтылған. Еске салсақ, сауықтыру орталықтарының жазғы демалысқа дайындығына мониторинг жүргізілуде.