Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі шұғыл жиын өткізді. Нұрлыбек Машбекұлы Қазалы ауданында бұған дейін де жаппай төбелес болғанын, аудан әкімі мен жергілікті полицияның осы жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынға алды.Облыс әкімі жастарды әлеуметтендіру бағытындағы шаралардың жеткіліксіздігін, тәрбие жұмыстары тек есеп беру үшін өткізілетінін айтты. Жауаптылар оқиғаның алдын алудың орнына үнемі салдарымен күреседі. Аймақ басшысы төбелестің шығу себебін анықтап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Мұндайға жол берген, уақытылы бақылау жасамаған лауазымды тұлғалардың барлығына тиісті шара көру керек деді. Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: Қазалыда РОВД-ның басшысы тәртіп орната алмайтын болса шұғыл түрде шешім қабылдаңдар. Шұғыл түрде мықты білетін, жергілікті тәртіп орнататын адамды сол жаққа жіберіңдер. Қазалы бойынша, Жалағаш бойынша, қала бойынша бүгін қараңдар. Қатаң шаралар қабылдаңдар. Қазіргі таңда қала мен барлық ауданда арнайы штаб құрылды. Мектеп оқушыларының беймезгіл уақытта жүрмеуі қатаң бақылауға алынды. Ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Серік ҚУАНЫШБАЕВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ: Ата-аналармен өзара көптеген пікірлер алысылды. Ата-аналардың тарапынан да үлкен үлкен ұсыныстар беріліп жатыр. Алдағы уақытта оқушылар арасында келеңсіздік оқиғаларды болдырмау мақсатында ата-ана болып, мектеп ұжымы болып бірлесі жұмыс жасау, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеген кезде алға қойған мақсатымызға жететіндігімізге бір ұйғарымға келдік. Бала тәрбиесінде ата-ана жауапкершілігін арттыру маңызды. Сондықтан отбасындағы тәрбиені де қолға алу қажет.