Қызылордада балалар жылы аясында 80 спорт-ойын алаңы салынды. Оған демеушілер есебінен 1,6 млрд.теңге жұмсалған. Сондай-ақ, жаңа балабақшалар мен заман талабына сай мектептер ел игілігіне берілді.Аймақта балалар жылының жабылу кеші сән-салтанатымен өтті. Халықаралық және республикалық білім додаларынан олжалы оралған оқушылардың мерейі үстем. Солардың бірі Шыңғыс Әніс бүгін «Жылдың үздік оқушысы» атанып, құрмет төрінен көрінді. Шыңғыс ӘНІС, ОҚУШЫ: Менің әкем он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Менің әкемнің қолынан шыққан бұйымдар мені зерттеу жұмыстарына жетеледі. Осы жақында болған «Алтын қазына» сәндік қолөнер байқауінан республикалық кезеңінде бірінші орынға ие болдым. Биылғы балалар жылының қолдауын сезіндім. Балалар жылы Сыр өңірі үшін табысты аяқталды. Қызылорда қаласында көпбалалы 50 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 19 балабақша, 6 мектеп ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, қаласы мен Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі және Өнер мектебі ашылды. Бұл балаларымыздың болашағы үшін құйылған инвестиция деді аймақ басшысы. Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Балалар жылының аясында Елімізде ішінде біздің өңірімізде 12 мыңға жуық шаралар өткізіліп, оған 200 мыңның үстінде біздің балаларымыз қатысты. Балаларға қолдау есебінде де спорттық кешендер біздің ауылдарымызда, аудандарда, қаламызда мәдени нысандар салынды. Бұл жұмыстардың барлығы еселеп дамитын болады. Шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше білім алуды қажет ететін жеткіншектер де қатысты. Ал жыл қорытындысымен үздік атанған 50 балаға сыйлық табысталды. Іс-шара мерекелік концертке ұласып, балалар өнерлерін паш етті. М. Тоқтасынқызы