Қызылордада белгісіз адамдар жас полицейді пышақтап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Полицейдің жарақат алғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде де пайда болған. "Облыс орталығындағы Титов ықшамауданындағы бұзақылар тобы полиция қызметкеріне бірнеше рет пышақ сұққан. Бұл не сұмдық! Қазіргі жас полицейлердің бұзақылармен күресуге қауқары жетпегені ме? Онда зейнетке шыққан жедел уәкілдерді көмекке шақырсын", – деп жазады желі қолданушылары. Ақпаратты Қызылорда облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. "Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 380-1-бабының 2-бөлігінің 6-тармағы ("Бір топ адамдар алдын ала сөз байласу арқылы құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу") бойынша қылмыстық іс қозғалды және объективті тергеу амалдары жүргізілуде", – деді ведомствоның баспасөз қызметі. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес істің өзге де мәліметтері ашылмағаны атап өтілді. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккен полицей қазір үйінде, денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.