Қызылорда қаласында тұрғын үйлердің ауласында болған жасөспірімдердің топтық төбелесіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.Тұрғындардан 102 арнасына жасөспірімдер төбелесіп жатқандығы жөнінде хабарлама түскен. Оқиға Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында болған. «Полиция қызметкерлері дереу хабарлама бойынша оқиға орнына жетті. Төбелеске қатысқан жасөспірімдер анықталып, Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс негізінде тиісті сараптамалар тағайындалып, құқықтық баға берілетін болады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаменінен.