Қызылордада Конституция күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтілді. Аудандар мен қала орталығында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, ол Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен жиынмен қорытындыланды. Салтанатты жиында бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрінді. Былтыр Конституцияға өзгерістер енгізілді. Елімізде ауқымды реформалар қолға алынды. Азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау тетіктері нығайды. Жиында сөз алған облыс әкімі оған ерекше тоқталып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: Конституциямызда мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарынан бабаларымыздың ар-ожданы мен биік парасатынан тұратын бірлік, тұрақтылық, өркендеу ұстанымдары көрініс тапқан. Ата заңды ардақтау кемел келешекке деген әрбір азаматтың асыл парызы. Баршаңызды Қазақтан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Салтанатты шарада бірқатар азамат құрмет төрінен көрінді. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Каюповқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Биғали КАЮПОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: Біздің Қазақстанның осындай жақсы, даңғыр, демократия жолымен жүргеніне мен өте қуанамын. Екі рет Парламент депутаты болғанда да осы Конституциямен көп жұмыс жасадым. Марапатталғандар қатарында құқық қорғау және заң саласының өкілдері де бар. Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖПҚ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 10 жылдың көлемінде қызмет атқарып жүрміз. Осы еңбегімізді бағалар Конституция күніне арналған шара кезінде облыс әкімімізден марапат алып жатырмыз. Көптен көп рахмет. Мерекелік шара әрі қарай жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.