Қызылорда облысында күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып, 240 тонна өнімге зақым келді.Бүгін 14.01 минутта төтенше жағдайлар қызметіне Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып жатқаны жөнінде хабарлама түсті. «Өртті сөндіруге Қармақшы ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру техникасы және 15 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, оған өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы қызметінен 20 қызметкер мен 3 техника күш-құралы ретінде жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.Ведомство мәліметінше, серіктестікке қарасты күріш ақтау зауыты (диірмен) ғимаратының шатыр асты ағаштарының жануы анықталған. Оның жалпы көлемі - 234 шаршы метр. «Өрт салдарынан зауытта жинақталған 240 тоннаға жуық күрішке зақым келген. Өрт сағат 15.14-те оқшауланып, 15.30-да толық жойылды. Қаза болғандар және зардап шеккендер жоқ. Өрттің болжамды шығу себебі -электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Қазіргі таңда оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті Өрт зертханасы және анықтау бөлімінің мамандары өрттің нақты шығу себебі мен шығынын есептеуде», - деп толықтырды мамандар.