Қызылордада Республика күні кең көлемде аталып өтіледі. Негізінен аймақта ұлттық мереке аясындағы шаралар басталып кеткен. Тек салтанатты жиындар өтіп қана қоймайды. Жаңа нысандардың да іргетасы қаланбақ.Аймақта Республика күнін жоғары деңгейде атап өту дәстүрге айналған. Ауқымды салтанатты жиындардан бөлек, білім ошақтарының барлығында дерлік мерекелік шаралар өткізіледі. Мұндағы мақсат ұлттық мейрамның мәнін айшықтап, жастар бойындағы рәміздерге деген құрметті арттыру. Шахмардан БАЙМАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік рәміздер аллеясында «Қыран елім Қазақстаным» мемлекеттік туды салтанатты көтеру шарасы және облыс әкімінің қатысуымен Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма деатрында салтанатты мерекелік концерт өткізіледі. Салтанатты концерттер мен ту көрету рәсімдері қала және аудандарда ұйымдастырылады. Негізгі басымдық, мәдени-көпшілік, ағартушылық, зияткерлік, ғылыми-танымдық шараларға берілуде. Шахмардан БАЙМАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде зиялы қауым мен ғалымдардың қатысуымен «Дербестікке жол салған декларация жиыны», «Гүлдене бер, Қазақстан» жыр мүшайрасы, «Рухани болмысты жаңғырту ұрпақ ұлағаты» дәстүрлі облыстық ділмар шешендер байқауы, «Тәуелсіз елдің ұландары» әскери спорттық сайыстар ұйымдастыру жоспарланды. Мереке аясында өтетін салтанатты жиында елдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталмақ. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеретін білім ошағының іргетасы қаланады.