Қызылорда облыстық көп бейінді балалар ауруханасының дәрігерлері туа бітті асқазан-ішек ақауымен дүниеге келген нәрестеге сәтті ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Облыстық көп бейінді балалар ауруханасына Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығынан хабарлама келіп түскен еді. Онда босану бөлігінде гастрошиз диагнозы расталған нәрестеге кесар отасын жасауға дайындалып жатқаны айтылған. Ғылыми тілде гастрошиз диагнозы ретінде бағаланатын аталған ауру елімізде сирек кездеседі. «Нәрестеге екі сағаттан астам уақыт бойы жасалған ота сәтті аяқталды. Қазір ол Ана мен бала орталығында ем алып жатыр. Оны неонатальды хирург, анестезиолог және ота жасау бөлімінің мамандары тұрақты түрде бақылауға алған. Оған қажетті ем-дом тағайындалған. Дәрігер-неонатологтар, мейіргерлердің күтімі арқасында ол энтеральды тамақтануды бастады. Жақын уақытта үйіне шығарылады», - деді аурухананың неонатальды хирургия және интенсивті терапия бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Мөлдір Алмаханова. 2017 жылдан бері бөлімшеде әрбір жыл сайын түрлі ақаумен 100-120 науқас сәби ем қабылдайды. Олардың барлығы хирургиялық ем қабылдап, ата-анасымен аман-есенқауышып жатыр. Осындай маңызды оталарды жасауда хирург-эндоскопист Серік Нүсіпқожаев, анестезиолог Мақсат Әбдібахиев, неонатологтар - Мөлдір Алмаханова, Мереке Алтынбекова сынды білікті мамандар жемісті еңбек етіп келеді.