Қызылордалық полицейлер ізін суытпай бұзақылық жасаған күдіктілерді құрықтады. Олар үй ауласында төбелесіп, бір-біріне оқ атқан.13 мамыр күні таңғы сағат 7 шамасында ПБ-ға көпқабатты үй ауласында белгісіз азаматтар қару қолданып, төбелесіп жатқандығы туралы хабарлама түскен. Жалдамалы пәтерде бірнеше таныс азамат бір-бірімен сөзге келіп қалып, кейін пышақ және травматикалық қару қолданып, жанжалдасып, барлығы оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды. Екі күдікті қала аумағында ұсталса, тағы екеуі автокөлікпен Самара-Шымкент тас жолында құрықталды. Қалған күдіктілерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Ұсталғандар Шымкент қаласының және Маңғыстау облысының тұрғындары болып шықты. Оқиға орнынан және автокөліктен айғақты заттар алынды. Екі адамға медициналық көмек көрсетілді. ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.