ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының" басшысы Манар Смағұл қызылша ауруына қатысты елдегі қазіргі ахуалды айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды. Манар Смағұл елемізде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі екенін атап өтті. "Жыл басынан бері республикада 20 188 жағдай тіркелді. Қызылшамен ауырғандардың 81 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Қызылшамен ауырғандар еліміздің барлық өңірінде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Шымкент пен Алматы қалаларында және Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелді", - деді ол. Осыған байланысты Манар Смағұл ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы екпе салдыруға шақырды. "Қызылшаға қатысты жағдайдың мәз еместігін ескере отырып, ата-аналарды балаларына екпе салдыруға шақырамын. Өйткені аурудың алдын алудың бірден-бір тиімді жолы – вакцинация, сондықтан осыған назар аударуды сұраймыз", - деді ол.