Футболдан Аргентина құрамасы мен "Интер Майами" клубының жұлдызды шабуылшысы Лионель Месси мансабындағы сегізінші "Алтын добын" жеңіп алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.2023 жылдың "Алтын доп" иегері Париж қаласында өткен салтанатты шарада анықталды. Лионель Месси көпшілік дауысқа ие болып, футбол әлеміндегі маңызды жүлдеге лайықты деп танылды. Ол мансабындағы сегізінші "Алтын допқа" қол жеткізді.Аргентиналық футболшымен бірге үздік үштікке "Манчестер Сити" командасының ойыншысы Эрлинг Холланд пен ПСЖ шабуылшысы Киллиан Мбаппе кірді.Сондай-ақ, мадридтік "Реал" футболшысы Джуд Беллингем 21 жасқа дейінгі үздік ойыншыға табысталатын "Копа" жүлдесіне ие болды. Ал жылдың ең үздік қақпашысы болып Аргентина құрамасының сапындағы Эмилиано Мартинес танылды. Эрлинг Холланд үздік шабуылшыға берілетін "Герд Мюллер" жүлдесін иеленді. "Манчестер Сити" футболшысы өткен маусымда 53 ойын өткізіп, 52 гол салған. Әйелдер арасында 2023 жылдың "Алтын доп" иегері "Барселона" ойыншысы Айтана Бонманти болды. Оған қоса, "Барселона" әйелдер командасы жылдың үздік клубы атанды.Ерлер арасында аталмыш марапатқа "Манчестер Сити" ие болды. Франция астанасында өткен салтанатты жиынға Дэвид Бэкхем, Дидье Дрогба, Гари Линекер, Винисиус Джуниор, Бернарду Силва, Марк-Андре тер Штеген сынды футбол жұлдыздары да қатысты.