Ливан армиясы өз әскерлеріне атылған түтін бомбаларына жауап ретінде Израиль әскерлеріне көзден жас ағызатын газ қолданғанын хабарлады. Өз кезегінде Израиль текетіресті бірінші болып Ливан бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Таяу Шығыс елдері арасындағы шекаралық шиеленіс соңғы бірнеше айда күшейе түсті. Израиль-Палестина қақтығысы ушығып, Ливандағы «Хизбалла» тобының мүшелері мен оның жақтастары Израиль күштерімен қақтығысқан кезде Израильге зымырандар атылды. «Израильдік жау әскері бұрылыс сызығын бұзып, Ливан армиясының патрульіне түтін бомбаларын жіберді», – делінген Ливан армиясының мәлімдемесінде. Екі ел арасындағы қазіргі демаркация сызығы «көк сызық» деп аталады. Ол - БҰҰ картаға түсірген және Израиль әскерлері 2000 жылы Оңтүстік Ливаннан кеткен кезде шегінген сызықты белгілейтін шекара. «Ливандық патруль шабуылға көзден жас ағызатын газ қолдану арқылы жауап берді... оларды басып алынған Палестина аумақтарына кетуге мәжбүр етті», - деп қосты Ливан армиясы.