Сейсенбі күні АҚШ-тың екінші ірі қаласы Лос-Анджелесте 11 мыңнан астам жұмысшы 24 сағаттық ереуіл жариялады.Оңтүстік Калифорниядағы ең ірі мемлекеттік сектор кәсіподағы - Қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің халықаралық кәсіподағы /SEIU/ local 721 Фейсбукте «әділетсіз еңбек тәжірибесіне» байланысты бір күндік ереуіл туралы хабарлады. «Біз Лос-Анджелестің /биліктің/ әділетсіз келіссөздер жүргізуге және еңбек заңнамасын бірнеше рет бұзуға тырысуын қолайлы деп санаудан бас тартамыз. Бүгін сыйластықты талап етіп, қадір-қасиетіміз үшін күресуге ереуілге шығамыз», - деп атап өтті кәсіподақ. Ереуіл үлкен және кіші мемлекеттік мекемелер қызметін тоқтатады деп күтілуде, деп жазады Los Angeles Times газеті. Бұл күні қоғамдық бассейндердің кем дегенде бір бөлігі жұмыс істемейді. Қоқысты шығару бір күнге тоқтатылады. Сондай-ақ, қалада жануарларға арналған паналау орындарының жұмысы тоқтайды. Соңғы апталарда АҚШ бұрын-соңды болмаған кәсіподақ белсенділігі мен ереуілдерін бастан өткерді. Кәсіподақтар оңтүстік Калифорнияда 95 мыңнан астам адамның мүддесін қорғайды. Оның мүшелері арасында ауруханаларда, баспаналарда, психиатриялық мекемелерде, соттарда, құқық қорғау органдарында, кітапханаларда, көше қызметтері мен саябақтарда, жағажайларға қызмет көрсету, санитарлық тазалық, суды тазарту және су жинауды басқару салаларында жұмыс істейтін адамдар бар.