Осыдан бақандай 20 жыл бұрын егіз балаларын жоғалтып алған ана көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.Бахитгүл Салдатхан Мәди және Мәдина деп есім берген егіз балаларын 2004 жылы босанған.Ол өзі дүниеге әкелген егіз балаларын іздеп, «Бармысың, бауырым?» хабарына келді. Сөзіне қарағанда, Мәди және Мәдина есімді балалары 2004 жылы туған. Әлдекімдер оны алдап, ата-ана құқығынан айырған екен. Ал 2009 жылы балаларын өзге азаматтар асырап алып кеткенін білген. Бахитгүл Салдатхан 1992 жылы Моңғолиядан Қарағанды қаласына көшіп келген. Сол кезде құжаттарын жоғалтып алыпты. Баланы өмірге әкелгенде тұрмыстық жағдайы болмаған, кейін сыртынан аналық құқығынан айыру туралы сот шешімі шыққан. Өзі ешқандай заң білмегендіктен, осындай күйге түскенін айтып отыр. «Мәдиім мен Мәдинамды іздеймін. 20 жыл болды. ...Екі баламды тауып беруге көмектесіңіздер», дейді балаларын көруге зар болған ана.