«Ал, мен ше?!» Smart News басылымының хабарлауынша, журналист, «Астарлы ақиқат» бағдарламасының тележүргізушісі Дина Төлепберген жүргізушілік мансабын тоқтатқаны жөнінде айтты. Журналисттің үндеуінен соң көпшілік «Астарлы ақиқат» ток-шоуын жүргізгенде қысым көрді деп ойласа керек, Дина Төлепберген жағдайды ашып айтты. «Ал, мен ше?! Сіздер «Астарлы ақиқатты» Динасыз елесте алмаймыз деп шулап жатырсыздар, маған да оңай емес… Десе де, өмір өздігінен өзгермейді деп білемін. «Астарлы ақиқатқа» мен атақ, абырой, ақша үшін келгенім жоқ. Алғы ойым - қазақ тіліндегі бағдарлама прайм-тайм төрінен орын алып, қазақ тілді өнімнің бәсекеге қабілетті болуын дәлелдеу еді. Дәлелдедім. Екінші мақсат - журналистиканың шеңберінен асып, ақпарат таратып қана қоймай, проблеманы қатып қалған орнынан жылжыту, шешуге себепші болу еді. Болдық. Ендігі асу қандай болмақ? Бір орында тұруды жаным қаламады. Менің жасым небәрі 40-та. Күшім бар. Санамда сансыз идеялар. Кітап, кино, тың өндірістер, өзгерістер... Расында, өмірдің адамға бір-ақ рет берілетінін түсінгеніңде ғана нағыз өмір басталады екен. Сізге де айтарым осы - еш нәрседен қорықпаңыздар!», - деді журналист. Журналистің бұл үндеуінен соң оқырмандар жылы лебіздерін білдірді.