Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Ақордадағы кездесуі алдында Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин БАҚ өкілдеріне екі ел арасындағы алыс-берістің ауқымы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.«Былтыр Мажарстанмен арадағы тауар айналымының көлемі 100 млн АҚШ доллары болды. Биылғы тоғыз айда 24 пайызға өсті, тағы да өсуі мүмкін. Оның көбі - Мажарстаннан келетін импорт. Дәрі-дәрмек, көкөніс, көбі тағам. Сапасы өте жоғары. Біз не апарамыз десек, биыл балық жеткізуді бастадық. Биыл көлемі екі есе көбейді. Бұрын 67 тонна болса, қазір 120 тонна жібердік. Жалпы Еуропаға балық экспортын биыл аштық деуге болады. Соны бүгін талқылаймыз», - деді Серік Жұманғарин. Оның айтуынша, екі арадағы сауда-саттықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін тауарлардың тізімі айқындалған. «Өкінішке қарай екі ел арасындағы сауда айналымы біз қалағандай ауқымды емес. Бірақ өте жылдам өсіп келеді. Жыл сайын 25 пайыз артып жатыр. Экспорт сонша үлкен емес. Бірінші кезекте мал шаруашылығының өнімінің экспортын арттыруымыз керек», - деді вице-премьер.