Атырауда тоқтап қалған газ өңдеу зауытының құрылысына жан бітті. 2021 жылы басталып, бірнеше мердігер ауысқан еді. Былтыр қыркүйектен бері құрылыс қарқын алды. «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған аталған зауыт құрылысымен танысуға мәжілісмендер арнайы барды. Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін кәсіпорыннан болашақта 727 млн текше метр пропан, бутан секілді тауарлы газ, 218 жарым мың тонна түйіршіктелген күкірт шығатын болады. Жоба құрылысы 2025 жылдың аяғында аяқталуы тиіс.«Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газдың құрамында 17 процент күкірт сутегі бар. Зиянды қалдықтарды тазалап, кәдеге жарату – басты мақсат,- дейді жоба өкілдері. ЖОМАРТ ЖАСАНОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сондықтан зауыт күрделі болып келеді. Соны өңдеген кезде күкірт тазаланып, 2-3 сатыдан өтіп, тазаланып түйіршіктелген күкірт шығарып, сатуға жоспарлап отырмыз. Негізгі басқа тауарлы газ пропан, бутан күкірттен таза болады. Құрамы біздің қойған талаптарға сәйкес келеді. Қазір мұнда 700ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Жазға қарай екі мыңға дейін артпақ. Ал зауыт іске қосылғанда 600 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Айта кетейік, мұндай жобаларды көршілес облыстар да қолға алған. Осылайша тұтынушылар сұранысы қанағаттандырылмақ. Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бұл-біздің еліміз үшін Қазақстанымызға экономикалық маңызы бар жоба. Сондықтан ел Президентінің ерекше қадағалауында тұр осы жоба. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2025 жылға таман 27.7 млрд текше метр газ тұтынамыз екен. Ал 2030 жылға көз жүгіртсек, ол деген 30 млрд-қа өскелі тұр. Сондықтан осындай зауыттар газ өңдейтін бізге өте қажет.