Бүгінде мәжілісмендер Ақмола, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жүр. Депутаттар халықпен кездесіп, қажетті көмек көрсетуді қадағалауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.Еріктілердің жұмысын үйлестіріп, қажет болған жағдайда гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуде. Мәжіліс депутаттары Айна Мүсірәлімова мен Юлия Кучинская Ақмола облысындағы Қоянды кенті мен Көкшетау қаласында болып, су тасқыны жағдайымен танысты, жедел штабтарды аралап, өңір тұрғындарымен кездесті. Жұма күні Мақсат Толықбай, Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысына барды. Олар Қобда ауданының тұрғындарымен кездесті. Мақсат Толықбай ауылды су басу жыл сайын қайталанатынын атап өтті. Сенбі күні депутаттары Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысының Жезді ауылына барды. Мәжілісмендер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жергілікті жердегі ахуалмен танысты, сондай-ақ зардап шеккен үйлерді аралады. Үйлердің көбі қалпына келтіруге келмейді. Нартай Сәрсенғалиев пен Сергей Пономарев Батыс Қазақстан облысында болып, су тасқынынан зардап шеккен Теректі ауданы Аңқаты ауылының тұрғындарымен кездесті. Біз аудандық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз. Комиссия мүшелері үйлердің бәрін су басқаннан кейін емес, қазіргі жағдайын бағалайды. Ахуал толығымен тұрақтанғанша біз ауыл тұрғындарының қасында болып, жағдайды бақылауда ұстаймыз, – деді Нартай Сәрсенғалиев. Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесті. Мәжілісмен су тасқынының салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Еркін Әбіл Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, зардап шеккен үйлерді аралады. Одан әрі депутаттар облыс орталықтарына баруды жоспарлап отыр.