Мәжілісте Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз жаңа Су кодексін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.Кодекстің мақсаты - экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және қолдау. Қолданыстағы құжаттан айырмашылығы, мұнда су – негізінен ауыл шаруашылығында экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы. Жаңа Кодексте басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталады, - деді вице-министр отырыста. Болат Бекнияз заң жобасындағы алты негізгі қағидат жайлы айтты: Бірінші. Суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі ретінде тану; Екінші. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы; Үшінші. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану; Төртінші. Суды үнемдеу; Бесінші. Су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту; Алтыншы. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық нормалар мен халықаралық шарттар негізінде трансшекаралық суларды пайдалану.