Маңғыстау облысының тұрғындары ауыз суға қол жеткізе алады. Ақтау қаласынан 10 шақырым қашықтықта жаңа сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілері ресми түрде іске қосылды. Тимур ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Біз өте ұқыпты жұмыс істедік және біздің мамандар Нұрлан Ноғаевтың командасымен бірлесіп қызмет етті. Мамандардың жұмысты шынымен жақсы жасауға тырысып жатқанын көрдік. Біз жасаған барлық жоспарларымыздың орындалғанына, сапалы салынғанына, толықтай көңілімізден шыққанына өте қуаныштымыз. Жұмысты уақытынан ерте аяқтадық және жоспарлағанның бәрін жасай алдық. Тұзсыздандыру зауытынан орталық сумен жабдықтау торабына дейінгі екі сумен жабдықтау желісінің әрқайсысының ұзындығы 10 км - ден асады. Мұнда бәрі автоматтандырылған. Процесті 4 адам бақылайды. Сонымен қатар, алдағы уақытта қосымша резервуарлар орнату жоспарлануда Нұрлан НОҒАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:Екі объекті бүгін іске қосылды. Бұл жақын арада орналасқан Сайын Шапағат және Ақшұқыр ауылдарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге және Ақтау қаласына қосымша ауызсу беруге мүмкіншілік тудырады. Бүгінгі таңда Маңғыстау өңіріндегі су тапшылығы аса маңызды мәселелердің бірі. Тәулігіне шамамен 77 200 м³ құрайтын ауыз су жетіспейді. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. Ал, бұл жобаны іске асыру Маңғыстау облысы тұрғындарының іргелі құқықтарын қорғауға ықпал етеді және Холдингтің Қазақстандағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан кезекті үлесі.