Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде 601 сыбырлақ аққудың өлгенін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы растады.Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында сыбырлақ аққудың жаппай қырылуы мәселесі көтерілді. Бұл туралы Lada.kz жазды. Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов өлген құстардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып жатқанын хабарлады. "2023 жылдың 21 желтоқсанында Қаракөл көлінде аққулардың өлгені туралы алғашқы хабарлама түсті. Біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Ветеринария ұлттық референттік орталығының мамандарына, Қазақстанның Микробиология және вирусология институтының мамандарына хабарластық. Олар зерттеу жүргізу үшін мамандарын аққу өлексесінен сынама алуға жіберді. 6 қаңтардағы жағдай бойынша біз 601 бастың өлімін тіркедік. Өлген аққудың 90%-дан астамы – балапаны. Біз Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығының орнитологтарынан қосымша зерттеу жұмыстарын күтеміз". Бастапқы сараптамалардың нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтырғанынан өлуі мүмкін екенін анықтады. Аймақ басшысы құстардың өліміне қатысты жағдай егжей-тегжейлі тексеруді қажет ететінін баса айтты.Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов облыс тұрғындары мен қонақтарын аққуларға жем бермеуге шақырды. "Тұрғындарға өңіріміздің табиғатын сақтауға белсене атсалысқаны үшін алғыс айтамыз. Бірақ бұл мәселеге барынша саналы түрде қарауларыңызды сұраймыз. Таяз Қаракөл көлі жағдайында азықтандыру бүкіл экожүйеге аса қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар аққулар құрғақ дәнмен ғана қоректенбейді, олар су астындағы өсімдіктермен қоректенеді", - деді Нұрмұхамбетов. 2023 жылдың 27 желтоқсанында Маңғыстаудағы Қаракөл көлінің жағасынан 30 аққудың өлексесі табылғаны хабарланған. Бұл туралы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы хабарлады. Кейін Маңғыстау облысының экология департаменті 227 аққудың өлгенін растады.