Өткен жылы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті құрылыс нысандарына жоспардан тыс 55 тексеру жүргізген. Департамент қызметкерлері көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп. Заңнама және құрылыс нормаларын өрескел бұзу фактілеріне байланысты Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы сотқа 35 талап-арыз беріп, оның 33-і қанағаттандырылды, қалғандары қаралып жатыр. Жалпы, өткен жылдан бері қалада сот ісін жүргізу нәтижесінде бес ғимарат бұзылған. Қалған нысандар сот шешімімен демонтаждауға кезекте тұр.– 2023 жылы заңсыз құрылыстармен күресу шаралары қолға алынды. 6 құрылыс компаниясының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы қайтарылды, тағы 5 мекеме құрылыс-монтаж жұмысына арналған лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Сондай-ақ 1 аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекеменің аккредитациясының күші жойылып, 2 техникалық қадағалаушы сарапшы аттестаты 6 айға тоқтатылды. 4 коммерциялық нысанды бұзу туралы сот шешімі шығып, сонымен қатар, 4 жұмыс жобасы бойынша жеке оң сараптамалар жойылды. Жалпы сомасы 124 958 500 теңгені құрайтын 384 әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.