Таразда марқұмдардың жылжымайтын мүліктерін заңсыз жолмен иемденіп келгендер ұсталды. 7 адамнан құралған топ 2 жыл бойы жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып келген. Олар қаладағы 20 пәтерді алаяқтық жолмен алып, тіпті кей баспаналарды сатып үлгерген. Заңсыз жолмен меншіктеп алған мүліктерінің жалпы құны-300 млн теңге. Оңай олжаға кенеліп келгендер алдымен қайтыс болған азаматтың үйін алу үшін мұрагерлікпен жалған құжат жасаған. Кейін заңсыз нотариалдық құжатты сотқа жолдап, өздерінің аттарына рәсімдеп келген. Аталған топтың әккі әрекетін прокуратура әшкереледі. Енді сатып үлгермеген пәтерлерді жергілікті әкімдік өз балансына алмақ. Ал өзгенің қолына өтіп кеткен жылжымайтын мүліктер енді сот арқылы өндіріледі. Заңсыз құжат әзірлеу барысында құзырлылардың да қатысы болуы мүмкін деген болжам бар.Ердос МАҚАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бұл фактілер бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 1 қылмыстық іс бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Биыл 2 адам 2 және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қалған 15 факті бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.