«Маса мен сұр тышқан». Қарағандыда еріген қар мен суағарлардан аққан лай су көп қабатты үйдің жертөлесіне жиналып, антисанитарияға әкелді. Тұрғындар сасық иіске тұншыққандарын айтып шағымданып отыр. Шыбын-шіркей мен тышқан үймелеп жатыр дейді. Жыл сайын қайталанатын жағдайға коммуналдық мекемелер мән бермеген көрінеді. Мәселенің мән-жайын Айжан Қуаш біліп қайтты.Үйдің жертөлесі ғана емес, жоғарғы қабаттары мен маңайы да сасып жатыр. 20 жылдан бері жағдай осындай дейді тұрғындар. Қанша рет айтса да, көшеден кеп құйылатын суды тоқтатуға жергілікті әкімдік құлықсыз көрінеді. Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 20 жылдың көлемінде бірнеше хат тастадық. Апарып жазып тастап кетеміз. Болады, іске асады дейді, сонымен ол қала береді. Сасық иіске шыбын-шіркей мен тышқан үймелейді. Жұрт қыс бойы масадан көз ашпапты. Алғашында жертөлеге кірген жәндіктер енді пәтерлерге көтерілді. Сыз тартқан қабырғалар көгеріп тұр. Тұрғындардың айтуынша, олар тыныс ауруларымен жиі науқастанады. Балаларды таза ауамен тыныстау үшін аулаға шығарайын десе, есіктің алды да сасық көлшікке айналған. Нұржан ӘЛІМҚҰЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Далада, міне, суды көріп жатсыз көктемде. Қыста мына жердің бәрі қар. Машина қоятын жер жоқ. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Порядок жоқ. Су алып жатыр, тышқандар, маса, қыс бойы масаға жем болып шықтық. Соның бәрін қарастыру керек. Бұл шудан кейін әкімдік өкілдері суды сорғызыпты. Енді жертөледегі сасық иісті кетіру мәселесі қаралмақ. Еркебұлан РЫСҚҰЛБЕК, ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІ ТҮКШ ЖӘНЕ ТІРШІЛІКПЕН ҚАМАТАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Комиссиялық тексеру барысында жертөлеге жиналған су бойынша сараптама жүргізілетін болады. Сараптама нәтижелері бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Күш-жігерімізді саламыз. Сасық иіске тұншыққан тұрғындар енді облыстық әкімдікке бармақ. 40 адамның атынан арыз жазып, дайындап отыр.