Өткен жылы 841 адамнан қос азаматтық анықталса, ал биыл дәл сондай 525 құқық бұзушылық тіркелген. Олардың арасында депутаттар мен лауазымды тұлғалар да бар. Енді қос азаматтыққа қарсы күрес аясында, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін Сенат Қазақстан мен Қытай Үкіметі арасында ақпарат алмасу туралы келісімді мақұлдады. Заңның мақсаты - екі ел азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасау. Бұл тұрғыда Сенат төрағасы елімізде заң талаптарын бұзатындарды жылдам анықтау керек екенін айтты. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Министрлік берген мәлімет бойынша, 2022 жылы қос азаматтықтың 841 дерегі анықталды. Ал биыл қаңтар-қазан аралығында 525 адам тіркелген. Қос азаматтығы барлардың арасында жергілікті органдардың депутаттары да бар. Сондықтан заң талаптарын бұзатындарды жылдам анықтап, шара қолдану керек.