Майқайыңдағы апаттан көз жұмған құтқарушының отбасына көмек көрсетілмеген. Мақұм Олег Тышкевичтің қызы әкесінің қазасынан кейін оларға қажетті көмек толық өтелмегенін айтады. Оның сөзінше, тек 2 млн. теңге берілген. Оның өзі «Майқайың-алтын» шахтасынан төленіпті. Ал жұмыс орнынан ешқандай қаражат түспеген. Тіпті, жерлеу шығындарын да өтемеді - деп отыр. Ал бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов қаза тапқан екі құтқарушының отбасына 4,5 млн теңге төленгенін инстаграм парақшасында жазған болатын. Яна ОСОЛОДКОВА, О. ТЫШКЕВИЧТІҢ ҚЫЗЫ: Бізге тегін психолог көмектеседі - деген. Ол да жоқ. Мен қазір ақылы түрде психологқа баруға мәжбүрмін. Оның қызмет құны 20 мың теңге тұрады. Мен қазір депрессияда жүрмін. Өйткені, осыдан 1 жарым жыл бұрын анамнан да айырылдым. Ешкім бізге көмектесіп жатқан жоқ. Қайғыдан қан жұтып аңырап қалдық. Әкем 27 жыл осы шахтада жұмыс істеді. Яғни, кәсіпорын басшылығының жауапсыздығынан қаза болды. Әкемді жерлеуге шамамен 1 млн. теңге кетті. Осының бәрін өз қалтамыздан төлеуге мәжбүрміз. Павлодар облысының әкімдігі бірақ мұны жоққа шығарды. Айтуынша, қаза тапқан құтқарушылардың әр қайсысына 4,5 млн теңге материалдық көмек көрсетілген. Оның 2 миллионы «Майқайың-алтын» -нан берілсе, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 1 млн. 846 мың теңге төленген. Бұдан бөлек жерлеу рәсіміне 716 мыңнан астам қаражат аударылған. Ал жоғалған құтқарушылардың отбасына бұл төлемдер олардың денесі табылғаннан кейін немесе қайтыс болғаны расталған жағдайда төленбек. Жансерік ҚАПЗОЛЛА, ОБЛЫС ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен ғана шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайың-алтын» АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады.