Елімізде жыл сайын 3 миллион адам скринингтен өтеді. Қазір ауыл тұрғындары үшін медициналық көмек алу бұрынғыға қарағанда жеңілдеген. Елді-мекендерде алғашқы көмек көрсететін пунктердің саны 5 жылдың ішінде 3 есеге көбейді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысында айтылды. Кездесуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында айтылған мәселелер туралы Аружан Задабек баяндайды.Биыл Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл. Бұл құжат медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлеуетін арттыру үшін қабылданған. Қазір ол әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналды. Нәтижесінде медицинадағы мәселелер шешімін тауып келеді. Осыдан бес жыл бұрын дәл осындай Астана декларациясы да пайда болды. Конференция осы қос мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Президентке «құрметті құда» деп ілтипат білдірді. Ол екі келінінің қазақ екенін айтты. Сол үшін де «Қазақстан – менің бір бөлшегім» деді. Ұйым басшысы белгілі ақын Жүрсін Ерманның құдасы. Тердос ГЕБРЕЙЕСУС, ДДСҰ БАС ДИРЕКТОРЫ: ДДСҰ Қазақстанда кеңсе ашқанымызды мақтан тұтады. Мен үшін Қазақстанның орны ерек. Мен үшін Қазақстанға оралу зор мәртебе. Қазақстанды өзімнің елім деп санаймын. Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмектің бесігі. Жоғары оқу орнының әріптестігі біздің мүмкіндіктерімізді нығайтуға, әрбір елде мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алматы және Астана декларациясы қабылданғаннан кейін медицина саласы біраз өзгерді. Қазір дәрігерлерге артылған жүк азайған. Бұрын әр дәрігердің қарауында 2 мың адамнан болды. Ал қазір ақ халаттылардың жұмысының 20 процентін медбикелер істейді. Сәйкесінше олардың саны 3 есеге көбейді. Алғашқы көмек көрсетудің сапасын арттыру арқылы ауыз толтырып айтатын жетістікке жеттік – дейді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі. Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Жоспар бойынша 2027 жылға дейін 60 процент қаражатты Дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін медициналық қызмет көрсетуге бөлінеді. Жылдан-жылға пайыз ұлғайып келе жатыр. Өткен жылдың өзінде 56 пайызға дейін жеткен болатын. Ал стационарлық көмектің пайыз мөлшері біртіндеп азаю керек. Алғашқы көмек көрсетудің сапасын арттыру арқылы елде өлім-жітім деңгейі 8 процентке төмендеген. 2019 жылы тұрғындардың өмір сүру орташа жасы – 72 жас болса, қазір – 74. Конференцияға келген Ұлыбританиялық Ребекка Розен де бірінші медициналық қызметтің маңызы зор дейді. Ребекка РОЗЕН, ДӘРІГЕР \ҰЛЫБРИТАНИЯ\: Декларация қабылдау арқылы медицина саласында өзгерістер болды. Әсіресе барлық адамның бірдей медициналық көмекті ала алатыны мені қуантады. Қазір алғашқы медициналық көмек саласына жақсы қаржы бөлінеді. Бұл да декларацияның жетістігі. Мен дәл осы конференцияға қатысқаныма қуаныштымын. Тың дүниелер естіп, бір-бірімізбен тәжірибе алмасудамыз. Конференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттерден 80 ресми делегация, халықаралық ұйым өкілдері мен медицина қызметкерлері қатысты. Жиын соңында Президент Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды.