Мектеп бітірген балалардың 40%-ында көз аурулары кездеседі. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Офтальмологиядағы дәстүрлер мен инновациялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы. Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институтының 90 жылдығына орайластырылған шараға отандық офтальмологтармен қатар шетелдік білікті мамандар қатысты. Жиында көз ауруларын диагностикалау, емдеудің тың әдістері және офтальмологиялық хирургиядағы инновациялық технологиялар мәселелері талқыланды. Сонымен қатар көз ауруларының жасарып, балалар арасында жиілеп бара жатқаны да сөз болды. "Егер 1-сыныпқа 4% ғана рефракциялық ақаулар, миопиясы бар балалар анықталса, мектеп бітірген кезде ол сан 40%-ға дейін өседі. Пандемия, қашықтан оқу, онлайн оқулар, балалар гаджеттерге үңіліп, қимылдары азайды. Содан рефракциялық ақаулар көбейіп жатыр",-дейді қазақ көз аурулары ҒЗИ бөлім меңгерушісі Алуа Әубәкірова.