Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінің 1987 жылы дүниеге келген азаматтары ауыл тұрғынына баспана салып берді. Мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер ауылда мұндай үрдіс үш жылдан бері дәстүрге айналғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz Білім ұясынан түлеп ұшқанына 20 жыл болған Берік Қаюпов түлектер ауыл әкімі мен имамымен, жалпы ақсақалдармен ақылдасып, нақты қай отбасы баспанаға мұқтаж екенін анықтап, шешім қабылдаған. Нәтижесінде таңдау 1981 жылы дүниеге келген ауыл тұрғыны Бауыржан Қилыбайұлының отбасына түскен. 40 жастағы ер азамат - үш баланың әкесі. Өте еңбекқор, әртүрлі құрылыста жалдамалы жұмыс істеп, отбасын асырап жүр екен."Біздің ауылдық округте бес мектеп бар. Әр мектептің түлектері өзара ақылдаса келе осындай шешімге келді. Арасында белсенділері жиналып, осы игі істі қолға алдық. Үй құрылысын былтыр күзде бастадық. Арамызда қолынан құрылыс келетін жігіттер бар. Олар бір тиынсыз өздері үйдің төбесін жапты. Енді бір жігіттеріміз кәсіп саласында жүр, олар құрылыс материалдарына демеушілік етті. Үйдің іргетасын құю, қабырғасын көтеру деген сияқты жұмыстарға ортадан ақша жинап, баспананы салып біттік. Ауыл әкіміміз де 1987 жылғы азамат. Ол да осы баспананың салынуына белсенділік танытты. Жер бөлу, құжаты жағынан үлкен көмегі тиді. Кешегі жексенбіде баспана кілтін табыстадық. Шыны керек, ол азамат қуанғанынан тіпті көзіне жас алып, алғысын жаудырды. Тек өзі емес, оның сыныптастары да бізге алғыстарын айтты", - деді Берік Қаюпов.Түлектер бес бөлмелі баспананы салып қана қоймай, ішін тұрмысқа қажетті жиһаз және техникалармен толықтай қамтыған.Мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектердің бір бөлігі қазіргі таңда ауыл мешіті жанынан қысы-жазы да ауызашар немесе ас беруге арналған жабық ас үй салып жатыр.