Елордадағы аты дардай білім ордасына қатысты тағы шу шықты. Бүгін ғана басталған онлайн тіркеу небәрі 5 минутқа созылған. Ұл-қызын оқытамын деп әрі-бері сабылған ата-аналар мұны түсінбей дал. Мектеп табалдырығын тоздырған тұрғындардың базынасын әріптесім Ақбота Базарбай тыңдады.Бұл білім ошағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Ата-аналар балаларын осы мектепке орналастыра алмай даурығып жүр. Онлайн тіркеу небәрі 5 минутқа созылған. Азаматтар осынша қысқа уақыттың ішінде сайттың қалай жабылып қалғанын түсіне алмай отыр. Ноғайбай ДОСМАҒАНБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 9-да сайт ашылған жоқ. Орын жоқ. Как можно понять? Қалай түсінуге болады? Мен қазір 2 жыл болды келіп жүргеніме, 2 жылда мен баламды алдырта алмай жүрмін. Сонда мен не істеймін? Сабина ҚАБДОЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз осы жерден үй алдық. Ең жақын бізге тек осы мектеп. Менің 2 балам бар. Бірі балабақшаға барады Момышұлы көшесінің бойында. Ол әлі кішкентай басқа балабақшаға ауыстыру үшін. Үйренісу үшін. Сонда мен неге таң атпай бір баламды бір қаланың шетіне, екінші баламды екінші шетіне тасуым керек? Ал мектеп басшылығы тұрғындарды сабырға шақырды. Айтуынша, күн сайын өтінімдерге белгілі бір мөлшерде уақыт беріледі. Бүгін беріп үлгермеген ата-аналар, ертең өтінімдерін бере алады дейді. Абай АСҚАРҰЛЫ, BINOM SCHOOL МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сайтта заявканы қабылдайтын орын шектеулі. Бір күнде сразу 10 мың заяка түспеу үшін заявкалардың орны шектеулі. Ол жерде микро участогы келмейтін адамдар болады, документтері дұрыс емес, барлығын салмаған адамдар болады. Біз олардың барлығын қарап шығамыз. Жыл өткен сайын жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Қазір елімізде 500-ге жуықтап қалды. Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы, Шым¬кент пен Алматы қалалары көш бастаса, Елорда да бұл тізімнен қалыс қалмай тұр. Жеке білім ордалары еліміздегі мектеп тапшылығын шешуге оң ықпал етеді. Осы мақсатта санын көбейтуде. Алайда, оларға қандай талап қойылады, білім сапасы бақылана ма? Нариман ЕЛАМАНОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік пен жекеменшік мектептер арасында аса бір айтатын айырмашылық жоқ. Сол лицензия, сол аттестаттау, мемлекеттікке қойылатын барлық талап жекеменшік мектептерге де қойылған. Тек біз оларды тікелей тексере алмаймыз. Оларды тек орта білім беруді бақылау департаменті тексереді. Қазақстан бойынша барлық білім беру орталықтарына өтініш 1 сәуірден бастап, тамыз айына дейін қабылданады. Ерлан ҚАНАТҰЛЫ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ: Құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижелерін берудің 2 тәсілімен жүзеге асырылады. Біріншісі электронды үкімет порталы ақылы. Және қағаз түрінде жүзеге асырылады. 1 және 2 сәуір демалыс күндеріне тап болғандықтан, 1-2 сәуір күні қабылданған өтінімдер 3 сәуір күні қаралады. Балаларын жақсы, жайлы мектепте білім алуын кез келген ата-ана қалайды. Осындай талас, тартыс болмас үшін талабын ертерек түсіндірген абзал.