Соңғы уақытта балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Көшені былай қойғанда мектеп те, отбасы да балалар үшін қауіпсіз деп айта алмайтын жағдайға жеттік. Осыны алға тартқан Мемлекет басшысы бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар ойдағыдай нәтиже бермей отырғандығын айтты.Әлеуметтік желілерде мұндай видеолардан көз сүрінеді. Бірі замандасынан жәбір көрсе, енді бірі қоғамнан қорлық көруде. Салдарынан талай жас қыршын кетуде. Оның алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шара көп. Бөлінетін қаржы да қомақты. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді. Мұны Мемлекет басшысы да сынға алды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы- әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Бүгінде телефонға тәуелді балалар өсіп келе жатқаны жасырын емес. Бұл жасөспірімдердің мейірімсіз болуының да бір себебі дейді Нұрсәуле Мұсаева. Жұмысбастылық ата-ананы жауапкершіліктен қашып, өзін ақтап алуына себеп бола аламай деп есептейді. Сондықтан жас отбасыларға рухани қолдау көрсету керек. Нұрсәуле МҰСАЕВА, ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ОТБАСЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ МҮШЕСІ: Қалқан болатын дүние біздің салтымыз, дәстүріміз. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, үйде әже әженің рөлін атқарса, ата атаның орнын атқарса, балалардың өзінің жас ата-аналарының өзіне тоқтап салып отыру керек болады. Біз ата-аналар қандай ұрпақ қалдырамыз артымызға оған бей-жай қарауға болмайды. Ата-ана қарым-қатынасының баланың тұлға болып қалыптасуында рөлі ерекше. Психологтар отбасындағы кез келген мәселені баланың бойынан көруге болады дейді. Сондықтан қоғамда орын алып жатқан жантүршігерлік оқиғалар жылдар бойы жинақталған жан жарасының салдары дейді мамандар. Гүлмира АҚТАЕВА, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГЫ: Ата-анасының арасындағы әдемі отбасылық құндылықтарды көріп өскен бала қатты жантүршігерлік іс-әрекетке барады деп айту өте қиын. Егер де бала отбасында қандайда бір қатыгездікті көріп өссе ол бала ашушаңдыққа бейім болады. Оның жүрегі махаббатқа толмаса, өзіне керек махаббатын ата-анасынан ала алмаса, ол оны өскен кезде де ортаға бере алмайды. Мемлекет басшысы қауіпсіз қоғам құра алмасақ, дамыған елдің қатарына қосылуымыз қиын екендігін айтты. Сондықтан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейтуді тапсырды.