Мемлекет басшысы азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы заңға қол қойды.Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған: қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады; азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады; заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен қатар Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді: Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады; Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын); Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды; Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.